Қаз Рус
Call-центр: 61087

Ауыл шаруашылық семинар-кеңесі өтті

info Мақала тек қазақ тілінде ғана қол жетімді

Бүгін Жетісай ауданы Қарақай ауыл округінде жазғы агротехникалық шараларды жүргізу және егіс алқаптарын зиянкестерден қорғау мәселелеріне арналған ” Жазғы дала жұмыстарының сапалы болуы – мол өнім кепілі” атты аудандық семинар -кеңес өтті. Шараға аудан әкіміЖамантай Бейсенбаев бастаған ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл округінің әкімдері, шаруа қожалықтарының төрағалары, агро фирмалар мен биофабрикаларың өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы биылғы егіс науқанының барысын баяндап, мақта дақылын өсірудегі түйінді түйткілдерді тілге тиек етті.
” Биыл ауданымызда 45 мың гектар алқапқа мақта егілді. Дән себу жұмыстары жылдағыдан 10-15 күнге кеш басталды. Оған себеп көктемнің жаңбырлы болуы. Ендігі мәселе -мақта дақылын дұрыс күтіп-баптап, зиянкестермен күрес, агротехникалық шараларды тиімді ұйымдастыру. Міне, біз бүгін осы мәселелерді талқыға салып, ортақ шешімге келіп, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет”, -деді Жамантай Қанайұлы.
Биылғы жылы мақтаның финологиялық көрсеткіштері өте төмен. Мақтаның биіктігі әр жерде әр түрлі. Яғни, небәрі 10-12 сантиметрге жетіп отыр. Бұл мақта кеш гүлдейді деген сөз. Басты себеп – биыл мақта 20-25 күнге кеш егілді. Осылай деген “Қазақмақта” ғылыми зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев шаруаларға агротехникалық шаралардың тиімділігін арттыруға шақырды.
Мақтаның кеш жетілуі терім жұмыстарының қымбаттап кетуіне ықпал етеді. Яғни, терім жұмыстарының шығыны негізгі пайдаға кері әсер етеді. Сондықтан шаруалар мақтаны сапалы өсіруге мән беруі тиіс. Ол үшін культивацияның санын арттырып, егістік жердің ылғалын сақтап қалуға ұмтылуы қажет. Жиында сөз алған мамандардың пікірі осыған саяды.
Семинар барысында егістік алқаптарын әртараптандыру, бір жерден екі рет өнім алу, мақта дақылының болашағы, бағасы, химиялық, биологиялық күтіп-баптау шараларының тиімділігі туралы да кеңінен сөз болды.
(с) Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.