Қаз Рус
Call-центр: 61087

Жақсылық жасауды жетісайлықтардан үйрен!

info Мақала тек қазақ тілінде ғана қол жетімді

Түркістан облысы Жетісай ауданы Қазыбек би ауыл округінде «Баспанаға жол» акциясы аясында 12 отбасылық 6 баспананың іргетасы қалануда. Енді бірер айда 12 көпбалалы отбасыға жаңа баспананың кілті салтанатты түрде табысталмақ. Бұл бастамаға сәулеті келіскен «Нұғман» мешітінің ұжымы мұрындық болыпты. Мешіт басшылығы бұған дейін «Баспанаға жол» атты қайырымдылық қор құру арқылы үйсіз жүрген 7 отбасыға баспана сатып алып берген. Бұл сол қайырымдылық істің жалғасы дейді орталық мешіттің бас имамы Бекзат Сыздық. Оның айтуынша, 12 отбасылық баспаналарға қажетті жер телімдерін Қазыбек би ауыл округінің басшылығы арнайы бөліп беріпті.
«Аталған қорға қаржы жинау үшін барлық дүкендер мен сауда орындарына арнайы жәшіктер орнатылған. Сол жәшікке әркім өз қалауынша, жағдайына қарап, садақа ретінде қаржы тастайды. Жиналған қаржыны шашпай-төкпей үй құрылысына жұмсап жатырмыз. Ауданымызда кәсіпкер, қалталы азаматтар аз емес, олар да қолдарынан келгенше жәрдемдерін беріп жатыр», – дейді Бекзат Сыздық.
Қазіргі таңда соңғы 6-шы баспананың іргетасы құйылып бітуде. Заманауи үлгіде бой көтеретін үйдің ұзындығы 18, ені 9,5 метрді құрайды.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі