Қаз Рус
Call-центр: 61087

Жетісай ауданында қазірдің өзінде 12 мың гектар алқапқа бақша дақылдары егілді

info Мақала тек қазақ тілінде ғана қол жетімді

Бүгінгі таңда Түркістан облысы Жетісай ауданында 12 мың гектар жерге бақша дақылдары егілді. Оның 8 мың 400 гектарын қауын, 3600 гетарын қарбыз құрайды. Егістік алқаптарында 15-ке жуық бригада құрылып, 10 мыңға жуық аудан тұрғындары еңбек етуде. Бұл туралы жексенбі күні өңірдегі бірқатар шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысып шыққан Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.
Аудан басшысы алдымен «Аман» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Қазір мұнда 10 гектар егістік алқабына 63 мың дана «Аэропорт» қауын көшеттерін отырғызу жұмыстары жалғасуда. Бір айта кетерлігі, мұндағы қауын дақылы биологиялық табиғи тыңайтқыштардың көмегімен өсірілетін болады. Яғни бұл егістік алқапқа химиялық тыңайтқыштар мүлдем қолданылмайды. Осы мақсатта 10 гектар алқапқа күздің күні 70 жүк көлігімен көң тасталыпты. Бұл өз кезегінде таза экологиялық өнім алуға сеп болмақ. Өйткені өңірімізде табиғи таза өнімдерге деген сұраныс жыл санап артып келеді.
Жалпы биыл Жетісай ауданында 25 мың гектар егістік жерге бақша дақылдары егіледі деген болжам бар. Әзірдің өзінде 1200 гектар алқапта қырыққабат дақылы пісіп жетілгелі тұр. Енді 5-10 күнде алқашқы қырыққабат өнімдері көрші Ресей елі мен еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтілетін болады.
Бұдан бөлек, аудан шаруалары бір жерден екі рет өнім алу үрдісіне бейімделуде. Бұл өз кезегінде егістік алқабын тиімді пайдалануға әрі табыс көзін едәуір ұлғайтуға сеп болады.